Pioneer 10

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Pioneer 10


Аппараттың Есекқырғанға жақындауы (суретшінің қиялы бойынша)
Ұйымы Еймс зерттеу орталығы — NASA
Тапсырысы Қасынан ұшып өту, терең ғарышқа бет алу
Ұшып өтуі Есекқырған, Күн жүйесінен тыс
Ұшыру күн-айы 1972 ж. наурыздың 3 01:49:00 (бүкілдүниежүзілік уақыт)
Сөре көлігі Atlas/Centaur/TE364-4
Массасы 258 kg

Pioneer 10 (Pioneer-F) — Астероидтер белдеуіне 1972 жылғы шілденің 15-інде еніп, оны кесіп өтіп, одан кейін Есекқырған (Юпитер) ғаламшарының қасынан 1973 жылғы желтоқсанның 3-інде ұшып өтіп, оның алғашқы тікелей фотосуреттерін жасаған алғашқы ғарыш аппараты. Ол 1972 жылғы наурыздың 2-сінде Канаверал мүйісіндегі 36А зымыран ұшыру кешенінен ұшырылған. Pioneer 10 аппараты қазіргі таңда Сұлусары («Альдебаран») жұлдызына қарай бағыт алып бара жатыр.

Кейбір анықтамалар бойынша Pioneer 10 аппараты Күн жүйесін тастап шыққан алғашқы жасанды зат болып табылады. Күн жүйесінің сыртына қарай бағыт алған ең алғашқы жасанды зат та сол. Бірақ ол әлі де гелиопаузаны немесе Оорт бұлтын әлі кесіп өткен жоқ.

Оны мақсаттары мыналарды зерттеу болатын: ғаламшараралық және ғаламшарлық магниттік өрістерді, «Күн желінің» сипаттамаларын, ғарыш сәулелерін, гелиосферадағы өтпелі аймақты, бейтарап сутегі молшылығын, шаң-тозаң бөлшектерінің таралымын, өлшемдерін, салмағын, ағындарын және жылдамдықтарын, Есекқырғанның шұғылаларын, Есекқырғанның радиотолқындарын, атмосферасын және оның кейбір серіктерін, әсіресе Ионы, Есекқырғанды және оның серіктерінің фотосуреттерін жасап, Жерге жіберу.

Pioneer аппаратының құрылысы

1969 жылы бекітілген Pioneer 10 және оның егізі Pioneer 11 астероид белдеуі мен Есекқырғанның төңірегіндегі ғарыш кеңістігін алғаш рет зерттеуге арналған аппараттар болатын. Олардың жұмысының сәтті-сәтсіз болуы болашақ осындай экспедицияларды жоспарлап, ұйымдастыруға әсер етуге тиіс болатын.[1]

Pioneer 10 НАСА-ның «Амес зерттеу орталығы» жобалаған Pioneer бағдарламасының құрамдас бөлігі болды.[2] Аппараттың салмағы небары 260 килограмм болатын, соның 30-ы аспаптар, 27-сі зымырандық отын болатын.[3] Вояджер аппараттары сияқты, оның қуат көзі ретінде плутоний-238-дің негізінде жұмыс істейтін SNAP-19 радиоизотопты термоэлектрлі генераторы (РТГ) таңдалған болатын. Ұшырылған кезде оның өндіретін қуаты 155 ватт болатын, Есекқырғанға жақындағанда ол 140 ватт болды. РТГ-ның радиациясы аппараттың аспаптарына кері әсер етпеуі үшін оны бөлектеп, ол ұзын ферманың ұшына орналастырылды.[4]

Егер болашақта өзге ғаламшарлық сана иелері аппаратты тауып алған жағдайда Жер өркениеті туралы мәлімет беретін арнайы тақтайша салынды.

Pioneer 10 аппаратында мынадай ғылыми аспаптар болды:

Атқарған жұмысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Pioneer 10 Есекқырғанға ұшып барған ең алғашқы ғарыш аппараты болды. Содан соң жұмысының соңы — 1997 жылғы наурыздың 31-іне дейін Жерге Күн жүйесінің сыртқы аймақтары туралы құнды мәліметтерді жіберумен болды.

Аппартпен одан кейінгі хабарласу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Pioneer 10-ның әлсіз сигналдары 1997 жылдан кейін де қабылданып отырды. Ол сигналдар ғарыштан келген радиосигналдар бағыт-бағдар табу жүйесін дамытуда қолданылды.

Аппараттың жұмыс барысы туралы соңғы рет телеметриялық мәлімет 2002 жылғы сәуірдің 27-сінде қабылданды. Одан кейінгі сигналдары өте әлсіз болып, олардың ажыратымдылығы тым төмен болды. Бұның себебі аппараттың істен шығуы емес, оның тым үлкен қашықтыққа ұзауы және РТГ қуат көзінің әлсіреуі болып отыр деген жорамал жасалды.

Pioneer 10 жіберген өте әлсіз сигнал ең соңғы рет 2003 жылғы қаңтардың 23-інде қабылданды. Ол кезде аппарат Жерден 12 миллиард шақырым қашықтықта кетіп бара жатқан болатын.[5]

2003жылғы ақпанның 7-сінде аппаратпен тағы бір рет байланыуға талпыныс жасалды, бірақ ол сәтсіз аяқталды.

2006 жылғы наурыздың 4-інде аппараттың антенналары Жерге қарай бағытталып тұратын соңғы ретті пайдаланып, аппаратты шақыратын арнайы сигнал жіберілді. Pioneer 10-нан жауап келмеді.[6]

Қазіргі кезде Pioneer 10 ғарыш аппараты Сұлусары жұлдызына (яғни Торпақ шоқжұлдызындағы Альдебаран жұлдызы) қарай жылына 2 астрономиялық бірлік жылдамдықпен ұшып бара датыр. Егер Сұлусарының өзіндік жылдамдығы болмағанда, Pioneer 10 оған 2 миллион жылда жетер еді.[7]

Уақытнамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Pioneer 10 экспедициясы
Pioneer 10-ның Есекқырған ғаламшарымен кездесуі
  • 1972 жылғы наурыздың 3-і — Аппараттың ұшырылуы.
  • 1972 жылғы шілденің 15 — Астероидтар белдеуіне енді.
  • 1973 жылғы желтоқсанның 3-і — Есекқырғанның жақыннан түсірілген суреттерін Жерге жіберді.
  • 1983 жылғы маусымның 13-і — Нептун ғаламшарының орбитасын кесіп өтті. (Ол кезде Плутон ғаламшар болып саналса да, дәл сол мезетте ол Күнге Нептуннан жақынырақ орналасқан еді.)
  • 1997 жылғы наурыздың 31-і — Жұмысының соңы.
  • 1998 жылғы ақпанның 17-сі — Біраз уақыт бойы Pioneer 10 аппараты адам қолымен жасалған ең ұзақта орналасқан объект болып саналып келді. Соңғы байланыстың кезінде ол Жерден шамамен 14 миллиард шақырым қашықтықта еді. 1998 жылдың ақпанның 17-сіне дейін Pioneer 10 ең алыста орналасқан жасанды объект болатын. Бірақ сол күні Вояджер-1-дің Күннен қашықтығы Pioneerдікінен асып түсті. Сол күннен бастап Вояджердің Жерден қашықтығы Pioneerдікінен жылына 1,016 астрономиялық бірлікке көбейе бастады.
  • 2002 жылғы наурыздың 2-сі — телеметриялық мәліметтер табысты қабылданды. 79,83 астрономиялық бірлік қашықтықтан 39 минут бойы ақпарат алынып отырылды.
  • 2002 жылғы сәуірдің 27-сі — Телеметриялық мәліметтердің соңғы рет табысты қабылдануы. 33 минут бойы 80.22 астрономиялық бірлік қашықтықтан ақпарат алынып отырылды.
  • 2003 жылғы қаңтардың 23-і — Pioneer 10-нан соңғы рет өте әлсіз сигналдар қабылданды. Одан кейінгілерін қабылдауға техникалық жабдықтың сезімталдылығы тым төмен болды.
  • 2003 жылғы ақпанның 7-сі — Байланыс жасау сәтсіз аяқталды.
  • 2005 жылғы желтоқсанның 30-ы — Pioneer 10 Күннен қашықтығы 89.7 астрономиялық бірлікті құрады.
Pioneer және Вояджер ғарыш аппараттарының қазіргі орындары мен бағыттары.
  • 2006 жылғы наурыздың 4-і — Байланыс орнатылып көрілді. Pioneerден жауап келмеді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. William E. Burrows, Exploring Space, (New York: Random House, 1990), p. 266-8.
  2. NASA mission profile Мұрағатталған 6 қарашаның 2015 жылы.
  3. Ibid., p. 271.
  4. Ibid., pp. 271-2.
  5. «This Month in History», Smithsonian magazine, маусым, 2003.
  6. The final attempt to contact Pioneer 10
  7. Spacecraft escaping the Solar System Мұрағатталған 27 сәуірдің 2007 жылы.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Үлгі:Jupiter spacecraft