Қаршыға

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қаршыға
Ересек құс
Ересек құс
Амандық күйі
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Құстар
Сабы: Сұңқартәрізділер
(немесе Қаршығатәрізділер, q.v.)

Тұқымдасы: Қаршыға тұқымдасы
Тегі: Accipiter
Түрі: A. gentilis
Екі-есімді атауы
Accipiter gentilis
(Linnaeus, 1758)
Ареалы сары: ұялайтын кезінде жасыл: жыл бойы көк: қыста.
Ареалы
сары: ұялайтын кезінде
жасыл: жыл бойы
көк: қыста.
Subspecies

Accipiter gentilis albidus
Accipiter gentilis apache
Accipiter gentilis arrigonii
Accipiter gentilis atricapillus
Accipiter gentilis buteoides
Accipiter gentilis fujiyamae
Accipiter gentilis gentilis
Accipiter gentilis laingi
Accipiter gentilis marginatus
Accipiter gentilis schvedowi

Accipiter gentilis

Қаршыға (лат. Accipiter gentilis) — қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс.

Қаршыға Арктика мен Антарктидадан басқа жерлердің бәрінде кездеседі. Қазақстанда, көбінесе орман, қалың бұта, ағаш өскен тау бөктерін мекендейді. Дене тұрқы 28 – 114 см, салм. 800 – 1500 г. Тұмсық, тұяқтары қара, саусақтары салалы. Қоразы мен мекиенінің түсі ұқсас. Ұясын ағашқа, жартас, шыңға, жерге салады. Жылына 3 – 4 жұмыртқа басады. Қаршығаның ұя салып, өніп өскен жеріне қарай оны түр-түсі де алуан түрлі. Қазақ аңшыларының бүркіттен кейін аңға ең көп салып, қолға ұстайтын құсы қаршыға болған. Оны бүркіт сияқты баптап, баулиды. Жақсы бап көрген қаршыға қаз, үйрек, дуадақ, ұлар, аққу, қырғауыл, саңырау құр сияқты құстарға түседі. Сондай-ақ, қоян, ақ тиін, алақоржындарды да іледі. Аңға салатын құс болғандықтан қаршыға көп ауланған. Сондықтан олардың саны жылдан жылға азайып келеді.[2][3][4]

Қаршыға - өте батыл, жыртқыш қыран [5]. Қаз-үйрек, ұлар, дуадақ, қырғауыл, құр, саңырау құрдан бастап, торғай тұқымдастарға дейін ала береді. Жүгірген аңнан ақ қоян, көкше қоян, тиін, тышқан тұқымдастарға дейін ұстайды. Сиректеу болса да, түлкі, қарсақ алатындары да бар. Қаршыға өте кезеген, шабыттап ұшқыш, әр шабытта шалқар көш жерді аралап, кейде жүздеген шақырым жерлерді айналып қайта береді. Қаршығаның ең күшті қаруы өте шебер ұшатындығы, епті, айлалы, оралымды болуы. Қаршығаның дене тұрқы әр түрлі. Ең кішісінің тұрқы - бір қарыс сынық сүйем, ең зоры - төрт сүйем. Кейде одан да үлкені кездеседі. Қанат шалғылары қысқалау, ал ұшқанда доғалдау болып көрінеді. Құйрығы ұзын, қанаты мен құйрығы оның ұшу мәнеріне үлкен өзгешелік туғызған. Ол сағатына 80-90 шақырым қашықтыққа ұша алады. Орман-тоғай арасында, тар жерде, тар аяда, тас шақпақтардың арасында өте епті ұйтқып ұша алады. Аспанда самғап ұшудан гөрі жер бауырлап, бұқпантайлап ұшу мәнері басым. Өз ауына (жеміне) иек артпадан шап беретін қаршыға мінезіне орай қазақ құсбегілері - "қаршыға - құстың ұрысы" деп те атайды.

Көздері сары шегір. Ал кейбірінің көздері қызғылт шегір. Тұмсық, тұяқ мүйіздері қара, танауының тесігі жапсарлау. Саусақтары салалы, сирақ саны ұзын, аңғары биік.

Қаршыға ұясын ылғи да ағашқа салады. Екіден үшке дейін жұмыртқа тауып, бір ай мөлшерінде балапанын басып шығарады. Бір жарым ай шамасында балапандар ұядан ұшады.

Қазақ құсбегілері қаршығаны көп жағдайда тор, тұзақ және басқа әдістермен түзден ұстауды салт еткен. Қаршыға және қаршыға тұқымдастар құсқа, аңға түскенде екі аяғын қару етіп, оны салған жерінен жіберместен, ұстағанының жаны шыққанша,ауыз салмайды. Ал аң-құсты басып отырғанда, одан айыру - қаршыға бабындағы ең үлкен сәт. Мұндайда шошытып, сескендіріп, қорқытып алмау жағына өте мұқият болу керек. Бұл қыран тым шытырлақ, ашушаң, наз мінезді құс. Шошынып, көңілі қалса, өрекпіп, шалқақтап, сырғақтап, ашуы басылмай әуре етеді.

Қаршыға - қолдағы тіршілікке шыдамсыз, ыстық-суыққа төзімі аз, талғамы нәзік, жемді қалай болса, солай былапыт жемейтін құс, ол қомағай емес. Тез алып, тез жеп, тез тояттап, соңырқалап отырғанды ұнатады. Құсбегілер қаршығаны өз ішінен шәулі қаршыға, қара қаршыға, ақ тұнжыр, қара тұнжыр, көк тұнжыр, сырғақ деп жіктейді.[4][6]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. BirdLife International (2008). Accipiter gentilis. In: IUCN 2008. IUCN Red List of Threatened Species. Downloaded on 19 ақпан 2009.
  2. «Красная книга Казахстана», Алматы, 2006;
  3. Қазақ энциклопедиясы
  4. a b Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3
  5. Ж.Бабалықұлы, А.Тұрдыбаев. Саят. Алматы: "Қайнар".- 1989. -141 б.
  6. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3