Роман

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Роман (11 — 12 ғасырларда роман тілдерінде жазылған әр түрлі шығармалар) — күрделі сюжетті, көбіне қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кең көлемді эпикалық түр.

Романда өмір құбылыстары, адамдар арасындағы қарым-қатынастар молынан қамтылған, композициялық күрделі құрылымнан тұрады. Романда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады, әңгіме мен повеске қарағанда онда түрлі оқиғалар жүйесі, сюжеттік желі, қаһармандар қатары кеңірек қамтылады. Роман адамдар тағдырын, замана шындығын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамды, салт пен сананы бейнелейді. Романның жекелеген нұсқалары ерте дәуірден белгілі. Дегенмен оның жаңалық сипаттары бертінде қалыптасты, 16 — 18 ғасырларда батыста ақсүйек серілердің бастан кешкендерін суреттейтін романдар дамыды. Бұған испан жазушысы СервантестіңДон Кихот”, француз жазушысы Лесаждың “Ақсақ шайтан” романдары мысал бола алады. 19 ғасырдан бастап роман жанры биік деңгейде дами түсті. Романның ерекше үлгілерін Францияда Г.Флобер, А.Стендаль, О.Бальзак, Ж.Занд (Ж.Санд), Англияда В.Скотт, Ч.Диккенс, Ресейде А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.С. Тургенев, Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский, И.А. Гончаров, АҚШ-та М.Твен, Дж.Лондон, Германияда Т.Манн, Г.Манн, т.б. жасады. Орыс жазушылары Толстой мен Достаевский адам психологиясын, “мінез диалектикасын” ашудың тамаша үлгісін көрсетті. Кеңес заманында М.Горкий, А.Толстой, М.Шолохов, А.Фадеев секілді суреткерлер тудырған романдар әдебиеттің дамуына үлкен ықпал жасады. Қазақ әдебиеттанушысы А.Байтұрсынов “Әдебиет танытқышында” (1926, 2003) романды ұлы әңгіме деп атап, оған “тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды” жатқызады. Ол “Ұлы әңгіме өңшең үлкен уақиғалардан болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге тырысады, оны жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс — барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек” деп атап көрсетеді. Қазақ әдебиетінде М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамал”, Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік”, С.Көбеевтің “Қалың мал”, С.Торайғыровтың “Қамар сұлу” шығармаларынан бастау алған бұл жанр жан-жақты дамыды. Қазақ романын көркейтуде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, М.Мағауин, т.б. жазушылардың еңбектерін атап айтуға болады. Қазіргі қазақ әдебиетінде романның психологиялық, тарихи, биографиялық, публицистикалық, т.б. түрлері қалыптасқан. Роман-эпопеялар жанр дамуының кең мүмкіндіктерін танытты. Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясы әлемдік даңққа ие болды, ол қазақ әдебиетінің биік идеялық-көркемдік жетістігі саналады.[1][2][3][4][5][6][6][7][8][9][10][11][12]

Дереккөздер

  1. Қазақ энциклопедиясы, 7 - том
  2. Бердібаев Р., Роман және заман, А., 1967;
  3. Қазақ романы, А., 1975;
  4. Қазақ тарихи романы, А., 1997;
  5. Атымов М., Қазақ романының поэтикасы, А., 1975;
  6. a b Кенжебаев Б., XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, А., 1986;
  7. Елеукенов Ш., От фольклора до роман-эпопеи, А., 1987;
  8. Дәдебаев Ж., Қазақ тарихи романы: дәстүр және жаңашылдық, А., 1988;
  9. Байтанаев Б., Устно-поэтические традиции в структуре казахского романа, А., 1994;
  10. Бисенғали З., XX ғасыр басындағы қазақ романы, А., 1997;
  11. Қирабаев С., Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті, А., 1998;
  12. Ергөбек І., Жазушы шеберханасы, А., 2002.