iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.
iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.



Link to original content: https://kk.wikipedia.org/wiki/Рефлекс_доғасы
Рефлекс доғасы — Уикипедия Мазмұнға өту

Рефлекс доғасы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қысқа және ұзын рефлекстер

Рефлекс доғасы, жүйке доғасырефлекс процесіне қатысатын жүйкелік құрылымдар жиынтығы.

Бұл терминді 1850 жылы ағылшын ғалымы Маршалл Холл ұсынған. Рефлекс доғасы жүйке жүйесінің функциялық негізі болып табылады; қарапайым (екі нейронды, жалғыз синапсты) және күрделі (көп нейронды, бірнеше синапсты) болып бөлінеді. Рефлекс доғасының күрделілігі оның құрамына енетін аралық нейрондар санына байланысты.

Ең қарапайым доға бес буыннан: рецепторлар, орталыққа тепкіш жүйке, жүйке орталығы, орталықтан тепкіш жүйке және атқарушы орган — эффектордан тұрады. Орталық жүйке жүйесінің негізгі қызметі рецепторлар мен эффекторлар арасын шапшаң және тиімді түрде байланыстыру, яғни сыртқы орта мен организмнің жауап реакциясының арасындағы үйлесімдікті қалыптастыру. Кез келген рефлекс дұрыс өту үшін Рефлекс доғасының тұтастығы қажет. Егер бұл тұтастық бұзылса, рефлекс туындамайды. Кез келген рефлекс атқарушы органның тітіркеніске қайтарған жауабымен ғана шектелмейді. Тітіркенуге жауап берілгеннен соң эффектордан орталық жүйке жүйесіне афференттік сигналдар, қайтарымды импульстар жіберіледі. Осы импульстар арқылы орт. жүйке жүйесі эффектор қызметінің тітіркеніс сипатына сәйкестігін анықтап, оның әрекетін бақылап, қажет болса қосымша импульстер жіберіп, түзетулер енгізіп отырады. Осыған байланысты соңғы кезде Рефлекс доғасы деген ұғым рефлекс сақинасы деген ұғыммен алмастырылып жүр. Рефлекс сақинасы рефлекс доғасынан қосымша буындардың болуымен ерекшеленеді. Сақина қосымша афференттік жолмен аралық нейрон арқылы тұйықталады. Бұл құрылымдар арқылы тітіркеніс мүшенің өзіндегі рецепторлардан қозғағыш нейрон орталығына қайта оралуын қамтамасыз етеді.[1]


Рефлекстің жасалу жолдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жүйке жүйесінің қызметі рефлекс арқылы жүзеге асырады. Рефлекс туралы алғаш айтқан француз ғалымы Ренэ Декарт (1596-1650). Рефлекстің биологиялық сипатын чех ғалымы Иржи Прохаске де (1749-1820) өз еңбектерінде дұрыс көрсете білді. Рефлекс терминін ғылымға ендірген де осы кісі. Рефлекс латын сөзі, қазақша – бейнелеу деген мағынаны білдіреді. Рефлекс сырттан немесе іштен келетін тітіркендіргіштерге организмнің қайтаратын жауап реакциясы. Жануарлар мен адамдарға туысынан көптеген рефлекстер беріледі. Шартсыз рефлекстердің жүйке жүйесі арқылы жасалу жолын рефлекс доғасы деп атайды. Рефлекс доғасының бөліктері: рецептор (сезім мүшесі), өткізгіш жүйке мен қозу процесі пайда болатын орталық жүйке жүйесінің тиісті бөлімі және орталықтан жұмыс аппаратына (сілекей шығаратын бездер, бұлшық еттер) келетін жүйкелер. Рефлекс доғасының күрделі түрі ми қабығының жұмысына байланысты. Ми жұмыс органына хабар жіберіп қана қоймай, ол өзінің жолдаған хабарынан мағлұмат алып та отырады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Қазақ Энциклопедиясы", 7 том
  2. Психология, Энцклопедиялық сөздік
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Reflex arc