iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.
iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.



Link to original content: https://kk.wikipedia.org/wiki/Орал_тілдері
Орал тілдері — Уикипедия Мазмұнға өту

Орал тілдері

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Орал тілдері - шыққан тегіне қарай шоғырланған тілдердің ірі бірлігі. Ол фин-угор және самоди тілдердің жиынын (семьясын) қамтиды. Тіл білімі әдебиеттерінде "Орал тілдері" атауы кейінгі кездерде көріне бастады (шамамен алғанда 1915-жылдан бері қарай). Орал тілдерінің жайылған жер көлемі өте кең аумақты: Солтүстікте - Норвегияның солтүстігінен Таймыр түбегіне дейін. Оңтүстікте - Югославияның солтүстік бөлігі, Венгрия және Мордва АКСР-і жерлерін алып жатыр. Фин-угор халықтарының жеке-дара қоныстанған бөлігі Сібір, Еділдің төменгі ағысы мен Кавказда бар. Кейінгі, жаңа зерттеулер бойынша, оралдықтардың атамекені б. з. д. 5 мың-З мың жылға дейін Батыс Сібірдің солтүстігінде, Объ өзенінің төменгі ағысы мен Орал тауларының аралығында болған.

Тектестік жағынан топтағанда қазіргі фин-угор тілдерінде мынадай салалар белгілі:

  • 1) балтық жағалауы - фин саласы. Бұған - фин, ижор, карель, вепс, эстон, вод, лив тілдері;
  • 2) еділ саласына - марий мен мордва тілдері;
  • 3) перм саласына - удмурт, коми-зырян және коми-пермяк тілдері;
  • 4) угор саласына - хантый және мансий, сондай-ақ венгр тілдері;
  • 5) екі диалектіге бөлінетін - саам тілі салалары.

Самоди тілдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Самоди тілдері әдетте 2 салаға немесе топқа бөлінеді.

  • 1) Солтүстік топқа - ненец, нганасан, энец тілдері;
  • 2) Оңтүстік топқа - селькуп және камасин тілдері кіреді. Камасин тілі соңғы кездерде жойылып, жоқ болған.

Ерекшелігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Орал тілдерінде құрылымы жағынан біртектестік шамалы, әлсіз, осыған қарап, оларды бір топқа жататын тілдер деу де қиын. Ғалымдардың байқауынша, бұлай болудың басты себебі - олардың көлемді жерде бірінен бірі аулақ, ыдырай мекендеуі мен басқа халықтардың тілінің әсер, ықпалынан болса керек. Орал тілдерінде бірқалыптылықтың болымсыз екендігіне мына мысалдар дәлел бола алады. Перм тілдерінің әдеби тілінде дауыссыз дыбыстар саны - 26 болса, финдерде не бары - 13; буын екпіні бір тілдерде - алғашқы буынға түссе, екінші бір тілдерде - ортадағы, ал үшінші бір тілдерде - соңғы буынға түседі; септік жалғауларының саны да әр қилы - венгр тілінде 20 септік жалғауы болса, хантый тілінің бір диалектісінде бар болғаны 3 септік жалғауы бар. Орал тілдерінде көне жазба ескерткіштер жоқ. Венгрлердің (мадиярлардың) алғашқы жазба ескерткіштері 1200 жылдар шамасында жасалған. Фин-угор халықтарының ежелгі жазба ескерткіштері XVII ғасырдың аяғы XVIII ғасырдың бас кезіне шамалас келеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3