iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.
iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.



Link to original content: https://kk.wikipedia.org/wiki/Криминология
Криминология — Уикипедия Мазмұнға өту

Криминология

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.

Криминология (лат. crіmen/crіmіnіs – қылмыс + гр. logos – cөз, ұғым, ілім) — қылмысты, оның себептерін, қылмыскердің жеке басын зерттейтін, сондай-ақ виктимология ғылымын зерттейтін, оның алдын алу шараларын жасайтын ғылым. Криминология қылмыстылықты адамдардың мінез-құлқында қордаланатын қоғамға қауіпті, қылмыстық заңның талаптарына қайшы келетін құбылыс ретінде зерттейді. Қылмыстың ахуалын, құрылымын, серпінін, аумақтық бөлінімін сипаттайтын сандық әрі сапалық көрсеткіштерді айқындау мен ғылыми саралау мәселелері қылмыстылықты зерттеуде қамтылады. Ол қылмыстылықты, қылмыскердің жеке басын зерттеуге неғұрлым ауқымды да дәйекті социологиялық тұрғыдан келеді. Бұл орайда оның қылмыстық құқық ғылымынан өзгешелігі бар. Қылмыстық құқық ғылымы социологиялық әдісті қолданғанымен, онда, негізінен, заң нормаларын, қылмыстық құқықтың қылмыс, жаза туралы ережелерін талдауға баса назар аударылады. Криминологиялық танымның тағы бір ерекшелігі сол, онда осы ғылым зерделейтін әлеуметтік-құқықтық құбылыстардың себептерін түсіндіруге көбірек ден қойылады.

Криминологияда, сондай-ақ қылмыстылыққа қарсы күресте оның алдын алу міндеті бірінші орынға қойылады. Сайып келгенде, аталмыш және басқа заң ғылымдарынан өзгеше түрде Криминология қылмыстылықтың алдын алудың, оны болдырмаудың құқықтық шараларын ғана емес, сонымен бірге әлеум.-экономикалық, мәдени-тәрбиелік, т.б. шараларын да әзірлеуге қатысады. Криминологиялық зерттеу әдістемесінде жалпы ғылыми тәсілдер де (нысанды логика, анализ бен синтез, индукция мен дедукция, ұқсастыру, үлгілеу, т.б.), социологиялық таным тәсілдері де («сауалдама, сұхбаттасу, сынақтама, құжаттарды зерделеу, қадағалау, эксперимент жүргізу» сияқты әлеуметтік-құқықтық ақпарат алу әдістері) қамтылады. Криминологиялық зерттеулерде талдау және ең алдымен, қылмыстық статистика тәсілдері маңызды рөл атқарады. Демек, криминология құқықтық ғылымның мәліметтерін, сондай-ақ социология ғылымының, философияның, экономиканың, әлеуметтің психологияның, педагогиканың ережелерін пайдаланатын кешенді пән болып табылады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан Республикасының Ғылым Энциклопедиясы