Кабуки

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кабуки (жапон. 歌舞伎) – Жапонияның классикалық театрының бір түрі. XVII-XVIII ғасырларда дамыды. Кабукидің алғашқы қойылымдары ашық аспан аясында, ал кейін уақытша баспаналарда көрсетілді. Кабуки өнерінің негізгі бастаулары күлдіргі орындаушылар қойған шағын фарс пен ән, би сахналарынан өрбіді. Әсіресе, ән мен биді шебер орындайтын әйелдер қойылымдары кеңінен танымал болды.

Кабукидің негізін салушы О-Куни деп саналады. Ол 1603 жылдан әйелдер труппасын (онно-к) басқарып, ойын көрсетті. О-Куни орындаған көріністердің негізі ғашықтық ән-билер (кейбіріне драматургиялық композицияның элементтері қосылған) болды. 1629 жылы әдет-ғұрып заңын бұзды деген желеумен әйелдер труппасының өнер көрсетуіне тыйым салынғандықтан, олардың орнын жасөспірім балалар (вакасю-к) труппасы басты. 1651 жылы полиция бұл труппаларды да жапты. 1652 жылдан кабукидің ойын-сауығына тек ерлер ғана қатысып, ер актерлердің (яро-к) труппасы қалыптасты. Әйел рөлін орындаушыларды оннагата немесе ояма деп атады. Бұл труппалар жапониялық – Киото, Осака, Эдо (қазіргі Токио) сияқты қалаларда тұрақты түрде өнер көрсетті. 17 ғасырдың соңына қарай кабуки театры жоғары деңгейдегі кәсіби театрға айналды.

Бұл кезеңде Саката Тодзюро, Итикава Дандзюро Қ және Йосидзава Аямэ сияқты ең үздік актерлер болды. Кабуки театры үшін арнайы пьеса жазуды драматург Тикамацу Мондза-эмона бастады. Кабуки драматургиясының тарихы 14 – 15 ғасырлардағы халықтық фарстан тамыр тартатын ауызекі драманың (кегэн) дамуымен тығыз байланысты. Актерлік ойын “еліктеуге” (мономанэ, жапон. 物真似) құрылды. Кабукидің ықпалымен пьесалар (сесагото) мен пантомималарда шарттылық өріс алды. Сахналық жүріс-тұрыс пен ойын түрлерінде, музыкалық сүйемел мен декорацияда, парик пен гримде (кумадори, жапон. 隈取り) шарттылық болды; мысалы, гримнің қызыл түсі әділдікті, ерлікті, ал көк түсі салқынқандылықты бейнеледі. Актерлік өнерде атадан балаға мирас ету дәстүрі қалыптасты. 18 ғасырдың 1-жартысында Итикава Дандзюро ҚҚ мен Савамура Содзюроның есімдері халық арасына кең тарады. 1758 жылы драматург Намики Седзо енгізген айналмалы сахнамен ханамити, яғни “гүл жолы” (көрермендер залынан сахнаға тартылған тақтайша көпір) – кабуки театрының елеулі жаңалығы болды. “Гүл жолын” актерлер пьесаның мазмұнына қарай “кіріп-шығу” үшін пайдаланды. Кабуки өнерінің шарықтап дамыған тұсы 18 ғасырдың 2-жартысы. Бұл кезде оның репертуарына дзерури деген марионетка театрының (аяцури-сибай) пьесалары енді. Қойылымда дзеруриге тән айтушы – әңгімеші сақталды, ол үш ішекті сямисэнаның сүйемелдеуімен әңгімесін жүргізді, актерлер пантомиманың көмегімен, кейіпкерлердің қозғалысын келтірді. Музыканың көмегімен күрес сахналары (татимавари) орындалды.

XVIII ғасырдың аяғында кабуки өнерінің орталық Киото мен Осакадан Эдоға көшірілді. Мұнда тарихи драмалармен (дзидаймоно, жапон. 時代物) қатар қала өмірінен жазылған тұрмыстық пьесалар (сэвамоно) қойылды. XIX ғасырдың 70-жылдары Жапониядағы әлеум. және саяси өзгерістер театр өнеріне жаңа талаптар әкелді. Соған байланысты тарихи шындықты бейнелейтін пьесалар легі пайда бола бастады. Жаңа тұрмыс салтты бейнелейтін пьесалар жазылып, тарихи драмалар (кацурэкимоно, жапон. 活歴物) қойылады. 1966 жылы Токиода мемлекеттік “Кокурицу гэкидзе” театры құрылды. Қазір кабуки актерлері “Сетику” және “Тохо” атты ірі екі кинокомпанияда, “Дзэнсиндза” театрында қызмет етеді. Кабуки театры гастрольдік сапармен Ресейде үш рет (1928, 1961, 1998) болды.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том