iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.
iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.



Link to original content: https://kk.wikipedia.org/wiki/Жағфар_әл-Мүтәуәккил
Жағфар әл-Мүтәуәккил — Уикипедия Мазмұнға өту

Жағфар әл-Мүтәуәккил

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жағфар әл-Мүтәуәккил
араб.: جعفر المتوكل‎
Жағфар әл-Мүтәуәккил
856 жылы әл-Мүтәуәккил атымен шығарылған динар
Лауазымы
Ту
Ту
Ислам халифатының 29-шы халифасы
10 тамыз 847 — 11 желтоқсан 861
(Лақап аты Әл-Мүтәуәккил Ғалаллаһ)
Ізашары Һәрун әл-Уәсиқ
Ізбасары Мұхаммед әл-Мұнтасыр
Өмірбаяны
Діні Ислам
Дүниеге келуі 822 (0822)
Самарра, Ислам халифаты
Қайтыс болуы 11 желтоқсан 861 (0861-12-11)
Самарра, Ислам халифаты
Династия Аббас әулеті
Әкесі Мұхаммед әл-Мұғтасым
Анасы Шұжаға
Балалары Мұхаммед әл-Мұнтасыр
Мұхаммед әл-Мұғтазз
Ахмед әл-Мұғтамид
Талха әл-Муаффақ

Жағфар әл-Мүтәуәккил (араб.: ‎جعفر المتوكل‎‎; 822, Самарра11 желтоқсан 861, Самарра) — Ислам халифатының 29-шы халифасы, мүміндердің әмірі.

Әл-Уәсиқ ешкімді де тақ мұрагері ретінде қалдырмай дүниеден өткендіктен, мемлекеттің лауазымды тұлғалары жиналып, кімді халифа сайлайтындықтарын талқылап, тартыса бастайды. Ақыры, Мұхаммед ибн әл-Уәсиқті халифа етіп таңдайды. Алайда түркі қолбасшылардан Уасфтың араға кіруімен бұл тағайындаудан бас тартып Жағфар ибн әл-Мұғтасымды халифа ретінде таңдайды. Әл-Уәсиқ дүние салған күні оған серт берілді. Оның халифалығы өмірден өткенше жалғасты. Дүние салған кезінде 41 жаста болатын.

Әл-Мүтәуәккил отбасының басқа мүшелеріне қарағанда Әлиге дұшпандығы мен Әлидің ұрпақтарына қарсы шектен тыс қатаңдық танытумен ерекшеленді. 851 жылы Кербеладағы Құсайын ибн Әлидің қабірі мен оның айналасындағы құрылыстарды жықтырып, ол жерге зиярат етуге тыйым салды. Сондай-ақ ол жерді егістік алқабына айналдырды. Оның дәуіріндегі Имамия бағытының имамы Әбілхасан Әли ибн әл-Һәдиді Мединеден Самарраға алдыртады.

Әскер әл-Уәсиқ пен әл-Мұғтасым дәуіріндегідей болатын. Уақыт өткен сайын түркі текті қолбасшылардың абыройы арта түседі. Әл-Мүтәуәккил түркілердің мемлекеттік істерге көп араласатынын және күшейіп бара жатқанын байқап, оларды әлсіретуді ойлады. Бірақ көздеген мақсатын іске асыратындай күші жоқ-тын.

Әл-Мүтәуәккилдің дәуірі сапарға шыққандар қарақшылардан қорықпайтындай, азық-түлік арзан, молшылық жайлаған дәуір болады.

Түркілердің алдыңғы қатарлы тұлғалары Мүтәуәккилді жақтыра бермейтін. Олар әл-Мүтәуәккил өздерін қызметтен босатып жібереді деп ойлайтын. Әл-Мүтәуәккилдің уәзірі Ғұбайдолла ибн Хакан мен кеңесшісі Фатх ибн Хакан тақ мұрагері әл-Мұнтасырдың мұрагерліктен алынып, әл-Мұғтаздың билікке келгенін қалайтын. Олар ақыры әл-Мүтәуәккилге айтқандарын істетіп, әл-Мұнтасырды мұрагерліктен алдыртады. Осыған байланысты түркі қолбасшылары мен орнынан алынған тақ мұрагері бас қосады. Түркілер халифалық құқығын қорғау үшін өздеріне жақындығы бар әл-Мұнтасырға көмектесуге шешім қабылдайды. Әл-Мүтәуәккилдің Уаф, Боға және басқа да түркі қолбасшыларын өлтіргісі келетіндігі жайында қауесет тарай бастаған соң, әл-Мүтәуәккилден білжолата құтылуды жөн көреді. Нәтижеде, халифаның сарайына басып кірген түркі әскері халифа мен Фәтх ибн Хаканды өлтіреді. Бұл бір қарағанда Аббасилерде халифалық біліктің біткендігін білдірді. Өйткені олардың бұрынғы беделі қалмай, тақ мұрагері әкесінің қақын жүктеді.

Ғылымға деген демеуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халифа әл-Мүтәуәккил 848 жылы михнат дәуірін тоқтатқандығын жариялайды. Сол себептен "Құран жаратылмаған" деген ұстанымдары үшін зынданда жатқан адамдарды босатады. Аймақтағы әкімдеріне хат жазып, бұл тақырыпта пікірталас жүргізуге тыйым салады. Хадис ғалымдарын Самарраға алдыртып, оларға ғылыммен шұғылдануға жағдай жасап, жалақы тағайындайды. Русафа мен басқа да мешіттерде хадис дәрістерін бергізеді. Сенім мәселесінде талас-тартысқа түскеннен гөрі алдыңғы ғалымдардың жолымен жүруді жөн көреді. Бұл дәуір мұғтазилаға қарсы әһл-сүннет ғалымдарының салмағы артқан кезең болды. Өкініштісі сол: саяси билік шектен шыққан бір ұстанымнан екіншісіне өтеді. Бір жағынан, бір көзқарастың ғана негізге алынуына тыйым салынып, жақсы қадам жасалса, екінші жағынан, ғылыми пікірталастар тоқтатылып, үлкен белесті бағындырған ғылым-білім саласы құлдырауға бет алады.

Өзге дін өкілдерін қуғындау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халифа әл-Мүтәуәккил өзге дін өкілдерінің мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін, олардың мұсылмандар секілді болғанын қаламады. Сол себептен 849 жылы зиммилердің белгілі бір киім түрін киюлерін бұйырып, мемлекеттік қызметтен орын алуына тыйым салды. Олардың балаларының мұсылман мектептерінде оқуына осы жылдан бастап тыйым салып, әкімдеріне де осындай саясат ұстануды бұйырады. Сонымен қатар ат пен қашырға мінулеріне, ғибадатханалары қираған жағдайда жаңасын соғуларына да рұқсат бермеді. Есіктерінің аузына өзге дін өкілдері екендігін білдіретін белгі қойдырды.

Көтерілістер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әл-Мүтәуәккилдің дәуірінде халифаттың шығыс аймақтарында ішкі келеңсіздіктер бой көрсете бастады. Орталық биліктің әлсіреуіне байланысты әртүрлі діни және этникалық топтар халифаға қарсы көтеріліс жасады. Бұл дәуірде Мұхаммед ибн әл-Бәғис Арменияда көтеріліс ұйымдастырды. Кейбір аймақтарда көтеріліс үшін адам жинаған Жақия ибн Омар да ұсталып, Бағдатта түрмеге қамалады.

Солтүстік Африкада Ағлабилер, Иранда Тахирилер мемлекетінің құрылуымен ыдырай бастаған мемлекеттің біртұтастығын сақтау қиындай түсті. Бір жағынан әл-Мұғтасым билігінің ең үлкен тірегіне айналдырған түркі текті әмірлер мен олардың түркілерден құрылған әскерлері биліктің негізгі өкілі болуға тырысып жатқан-тын. Одан кейін халифалар тек қана бұл әмірлердің қолдауымен ғана таққа келетіндей болуы бек мүмкін еді. Әмірлердің арасындағы билікке таласпен қатар, әр жерден бой көрсете бастаған көтерілістер мемлекеттің тыныштығын бұзды.

Яғфария мемлекеті

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әл-Мүтәуәккилдің билігінің соңдарына таман санада Яғфария мемлекеті құрылды. Олардың тегі әл-Мұғтасымның Нәжд, Йемен және Сана әкімі болған Жағфар ибн Сүлейменнің өкілі Әбдірахман ибн Ибраһимге тірелетін. Ибраһим дүние салғаннан кейін оның орнына ұлы Яғфар ибн Әбдірақым отырды. Ол Яғфария мемлекетінің құрушысы және алғашқы басшысы болды. Яғфария мемлекеті 861 жылы тәуелсіздікке қол жеткізіп, 997 жылға дейін өмір сүрді.

Әл-Мүтәуәккилдің дәуірінде әскери сапарлар мұсылмандар мен Византияның арасында құрлықта да, теңізде де қысқа мерзімді кішігірім қақтығыстар күйінде жалғасын тапты. Византия 852 жылы Мысырға шабуыл жасап, көптеген олжа мен тұтқын алып кетеді. 23 ақпан 856 жылы Аббаси мемлекеті мен Византияның арасында төртінші мәрте тұтқын алмасу ісі жүзеге асты. 860 жылы екі жақ тағы да тұтқын алмасты.

Тұлғалық қасиеттері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әл-Мүтәуәккилдің жомарттықпен танымал болған. Ол мәжілісінде ойын мен сауық-сайранды енгізген ең алғашқы Аббас халифасы болды. Оның дәуірінде қоғамның да ойын-сауыққа бейім болғандығын байқауға болады. Алайда Құранға қатысты талас-тартысқа тыйым салуы оның ең жақсы әрекеттерінің бірі екендігін де ескерген жөн. Сонымен қатар Әлидің жақтастарына қарсы қатаң ұстанымы болғандығын да жоққа шығаруға болмайды[1].

Дереккөздері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам тарихы. Алматы: Ернар Есімқұлов, 2018 ISBN 978-601-7929-37-4