iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.
iBet uBet web content aggregator. Adding the entire web to your favor.



Link to original content: https://kk.wikipedia.org/wiki/Бодандық
Бодандық — Уикипедия Мазмұнға өту

Бодандық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
5 отарлаушы елдің 1550 жылғы территориясы

Бодандық (ағылш. Colony, Бодан) — еркінен айырылу, тәуелділік, кіріптарлық. Ерте дәуірлерде құқықтық категория ретінде қалыптасқан бұл атау қазақ ұғымында “отарлану”, “өзге мемлекетке бағынышты болу” деген мағыналар береді.

Әдетте 'колония' сөзі отаршылдардың перспективасы тұрғысынан айтылатын ұғым болып, ол "бөтен елдің территориясын басып алу және бақару" дегенді білдіреді. Ал, 'бодан', яғни 'бодандық' отарланушылар перспективасы бойынша айтылған ұғым болып, "бөтен елдің территориясына айналу, бөтен ел жағынан басқарылу" дегенді білдіреді.

Ұлттар бодандығын туғызған отаршылдық адамзат тарихындағы аса ауыр соғыс қылмысы есептеледі. Отаршылдық себебінен бодан халықтарға жасалған геноцидтер мен байлықтарын тонау, мәдениетін бүлдіру салдарынан адамзат мәдениеті әлденеше рет кері шегінді, аса ауыр трагедияларға себепші болды. Дегенмен, отаршылдық жабайы санасы әлі де кейбір миллитаристік және шовинистік түсініктегі елдер мен халықтарда дәріптеліп, тіпті кейбір қазіргізаман соғыстарының негізгі себебі болып отыр.

Жер шарындағы барлық ұлттар тарихта кем дегенде бір, не бірнеше рет өзге ұлт-елдердің қандайда бір экономикалық, саяси, мәдени және рухани бодандыққа ұшырағаны мәлім. Бодандық жарақатын жазып, жалғасты ұлттық бірлігін сақтау бодандықтан құтылған тәуелсіз ұлттар үшін ең үлкен сынақ есептеледі.

Бодандық тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Адамзат қоғамының дамуы барысында бодандық қарым-қатынастың сан алуан түрі пайда болды. Мысалы, орта ғасырларда бір феодалдың екіншісіне (сеньорға) жеке басының тәуелділігі “вассалдық жүйе” деп аталды. Әсіресе, 8 — 9 ғасырларда Батыс Еуропа елдеріндегі агр. Қарым-қатынастардың күрт өзгерістерге толы даму қарқыны вассалдық жүйені әлеум. ин-т ретінде жетілдіре түсті.

Мысалы, Франк мемлекетінде корольдер мен ірі феодалдар адалдықпен қызмет еткен ұсақ шонжарларға табан ақы ретінде феодті (жер телімін) немесе басқалай күнелтіс көзін уақытша бөліп берді. Ал, вассалдар өз есебінен әрі кесімді мерзім бойына сеньорларға әскери қызмет етуді, сондай-ақ, сотқа, жиынға барғанда нөкер жиып беруді, тұтқынға түскен жағдайда “жәрдем” (auxіlіum) төлеуді, т.б. міндеттеріне алды. Ал сеньорлар феодтарды пайдалануға берумен ғана шектелмей, өзінің вассалдарын және оның дүние-мүлкін қорғауға тиіс болды. Өзара келісімшарт “оммаж” деп аталатын айрықша рәсіммен бекітіліп, вассал сеньорға адал қызмет ететіндігі туралы ант (фуа) берді. Жерге меншіктің иерархиялық сатыларында (король — ірі феодал — ұсақ феодалдар) пайда болып, кемелдене бастаған вассалдық жүйе кейін экон. қарым-қатынастан гөрі саяси, әсіресе, әскери одақ мазмұнын иеленді. Батыс Еуропа елдерінде жеке адамдардың арасында қалыптасқан вассалдық жүйе мемлекетаралық қарым-қатынас аясына да ене бастады, өзге мемлекетке вассалдық тәуелділікке енген елдер пайда болды.

Қазақстан бодандығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Каписталистік өндірістер дамып, өнеркәсіптік нышандардың жетілуіне орай 19 ғ-да империалистік мемлекеттер айналасындағы елдерге құтырына шабуыл жасай бастады. Батыс Еуропаның отқаруын пайдаланған Ресей әлі де атүсті қарулармен жабдықталған бүкіл Түркі әлемінің территорияларына ауыз салды.

18 ғ-дың алғашқы жартысында Қазақ хандығы сыртқы-ішкі саяси жағдайы күрт шиеленісті. Жоңғарларды ақыры жеңгенімен, бірақ орыс шапқыншыларына әлсіреген Қазақ хандығы төтеп бере алмады. Ордада билік таласы күшейді, кейбір әлсіз хандар сырттан қолдаушы табу арқылы билікке қол жеткізгісі келді. Мысалы, Әбілқайыр хан Ресей бодандығына кіруге ұмтылады. 1731 жылы ол Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің кейбір руларын билеген Сәмеке хан Ресей бодандығын қабылдады.

Олар Бодандық актісі арқылы Ресейдің әскери-саяси қолдауына ие боламыз деп дәмеленді, тіпті орыстардың отаршылдығы аясында тұрып, елдің ішкі дербестігін, сыртқы тәуелсіздігін сақтап қалуды көздеді.

Бірақ, Қазан, Астрахан, Қырым хандықтарын күйретіп, Ноғайлы мен Сібір жұртын тоз-тоз қылған Ресей империясы сюзерендік рөлмен шектеліп қалмай, қазақ даласына да метрополиялық үстемдік орнату мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысты. Сөйтіп, Петр І тұсында мемлекеттің сыртқы саясаттағы стратегиясы ретінде белгіленген жоспарды іске асыруға — Қазақстан арқылы Орта Азияға, Иран мен Ауғанстанға, Қытай мен Үндістанға шығу әрекетіне жан-жақты әзірлікпен кірісті.

Мәселен, Орынбор экспедициясының бастығыИ. Кирилловқа берілген нұсқауларда Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясатының басты бағыттары — хандықтар иелігіндегі территорияны басып алу, әскери экспансияны өрістете отырып, халықты бір-біріне айдап салу арқылы қоғамды ішінен ыдырату мақсаты айқындалды.

1744 ж. 14 қаңтарда Орынбор өлкесінің алғашқы генирал-губернаторы И.И. Неплюевтің қазақ елін отарлау жөніндегі “қосымша жоспары” патша әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, ұзақ уақыт бойы біртіндеп жүзеге асырылды. Шын мәнінде, бұл жоспар қазақ даласының шекарасына тұрақты әскери бөлімшелерді шоғырландырып, башқұрттарды қазақтарға қарсы қоюдың жобасы еді. Империяның бүкіл заң шығарушылық базасы екі елдің Бодандық қарым-қатынас жасау актісінде көзделген қарапайым шарттарды (мысалы, ішкі басқару құрылымын сақтау, территорияға қол сұқпау, т.б.) өрескел бұза отырып, отаршылдық саясаттың жергілікті тіректері — генерал-губернаторлар мен әскери генералдардың “ұлы орыстық” идеяға негізделген астамшыл ырқына қызмет етті.

1822 жылы Сібір генерал-губернаторы М.М. Сперанскиймен оның көмекшісі Г.С. Батеньков әзірлеген “Сібір қырғыздары туралы жарлығы” қазақ мемлекеттілігінің маңызды тірегі — хандық билікті жоюға бағытталды.

1847 жылы қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары хан Ресейдің тапсырмасымен қырғыздар арасында өлтірілген соң, Қазақ хандығы жойылып, ел тұтастай Ресейдің құрамына енді.

1867 ж. және 1868 ж. қабылданған “Уақытша ережелер” бойынша қазақ елінің дәстүрлі әкімш.-саяси құрылымының соңғы буыны — аға сұлтандар мен сұлтан-правительдер биліктен шеттетіліп, елді басқару тетігі жергілікті патша әкімшілігінің — әскери губернаторлардың құзырына берілді. “Орал, Торғай, Ақмола, және Семей облыстарын басқару туралы Уақытша ереженің” 210-бабында “қазақтар жайлаған жерлердің барлығы мемлекеттік жер” деп жариялануы дәстүрлі ел билеу жүйесін жоғалтып, әкімш.-территориялық тұтастығынан айырылған қазақ халқын отаршылық қыспаққа алуды, құнарлы жерлерін тартып алып, шөл-шөлейтті ендіктерге ығыстыру әрекетін заңдастырды.

Бастапқыда әскери-саяси қолдау көрсетіп, мемлекеттілікті сақтап қалуға қамқорлық жасайды деген үмітпен Бодандықғына кірген Ресей патшалығының империялық жымысқы саясатына, қазақтың елі мен жерін отарлап, саяси және рухани құлдыққа салу мақсатында жүргізген әкімш.-құқықтық реформаларына халық дүркін-дүркін наразылық білдіріп, қарсы тұрды.

Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы, Исатай Тайманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Кенесары Қасымұлы, т.б. бастаған көтерілістер мемлекет тәуелсіздігін қайтару жолындағы бүкілхалықтық қозғалысқа айналды. Патша өкіметі азаттық идеясын аяусыз жазалап, репрессиялық тәсіл-дермен тұншықтырып отырды.

Ұлттардың түрмесі болған Кеңес өкіметінің тұсында отаршылдық саясат жымысқы түрде жалғаса берді және аса қандықол саясат ұстанды. 1917 ж. 5 — 13 желтоқсанда Орынбор қ-нда Екінші Жалпықазақ съезінде “Алашорда” мемлекетінің негізін қалау туралы арнаулы қаулы қабылданғанымен, “қызыл империя” қазақ халқының тарихи таңдауына — саяси-мемл. дербестікке жетуіне жол бермеді.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан ресми түрде мемл. тәуелсіздігін жариялап, азат ел ретінде әлемге танылып, өзге елдермен дербес дипломат., экон., т.б. қарым-қатынастар жасау мүмкіндігіне ие болды.[1]

Отарлау саясаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Отарлау саясаты - - жергілікті халықты тұралатып, қанаумен жүргізілетін, күшті державаның соғыста жеңілген өзге ел мен халыққа аумақтық бақылау орнату саясаты мен іс-әрекеті. Еуропа отаршылдығы әлемдік экономиканы меңгерді, өйткені, отар елдер метрополияларда капиталдың жинақталуына және олардың тауарларын өткізуге қолайлы нарық туғызды. Сауданың бұрын-соңды болмаған кеңеюі нәтижесінде әлемдік нарық қалыптасты, ал, экономиканың дамуы Жерорта теңізінен Атлантикаға ойысты. Көптеген еуропалық портты қалалар (Лиссабон, Севилья, Лондон және т.б.) сауданың күшті орталықтарына айналды. Еуропаның аса бай қаласы Антверпен болды, онда сауданың толық еркіндігі тәртібінің арқасында ірі көлемдегі халықаралық сауда және несие шаралары жүргізілді. Сауданың дамуы жеке банктермен қатар Бүкіл Еуропада кеңінен таралған қоғамдық банктердің құрылуына қолайлы жағдай туғызды. ХIХ-XX ғғ. басында әлемнің аумақтық бөлінісінен кейін әлемдік отарлық жүйе - ең алдымен Африка, Оңтүстік-Шығыс Азияның отар, тәуелді елдеріне әлемдік державалардың үстемдік жүйесі қалыптасты.

Негізгі отарлаушы елдер Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Германия, АҚШ, Бельгия, Италия, Жапония болды.

Бұл елдердің жиынтық отарлық иеліктері XX ғ. басында Жердің жартысынан көп бөлігіне (72 млн ш. шақырым), планета халқының үштен бір бөлігіне (560 млн адам) жүргізілді.

Ұлыбритания әлемнің аса ірі отарлық державасы бола тұра, Үндістанға, Африкаға, Америкаға, Австралияға және Жаңа Зеландияға үстемдік етті.

АҚШ - Кариб бассейнінде, Тынық мұхитында, Орталық Америкада және Қиыр Шығыста билік құрды.

Француз экспансиясы Африка мен Үндіқытайға жүрді;

Германия Африкада отарларға ие болды;

Жапония - Маньчжурияны, Кореяны, Қытайды және Оңтүстік-Шығыс Азияны отарлады.

Ресей Қиыр және Таяу Шығыста, Орталық Азияда өз ықпалын жүргізді. II дүниежүзілік соғыстан кейін отар елдерде ұлт-азаттық қозғалыстардың өршуі нәтижесінде әлемдік отарлық жүйе қирады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. ISBN 9965-893-73-Х
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3