Жұмысшы-шаруа қызыл әскері
Қызыл Әскер (Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскері) — Кеңес өкіметінің әскери құрылымы. 1917 ж. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1918 ж. жұмысшы-шаруа қызыл әскерін құру туралы декрет шығарылды. 1918 ж. 18 ақпанда неміс әскерлері Петроградқа қауіп төндірген соң, Кеңес өкіметі 21 ақпанда жұмысшылар мен шаруаларды Қ. Ә. қатарына шақырған үндеу қабылдады.[1]
- 23 ақпаннан бастап алғашқы еріктілер әскерге жазыла бастады;
- 4 наурызда Жоғ. әскери кеңес құрылды;
- 8 сәуірде әскери комиссариаттар құрылды;
- 4 мамырда Бас штаб пен әскери округтер құрылды.
1925 ж. 18 қыркүйекте міндетті әскери қызмет жөнінде заң қабылданды. 1928 — 41 ж. Қ. Ә. тех. жағынан қайта жабдықталып, жаңа әскер түрлері (әуе десанты әскерлері, т.б.) пайда болды. 2-дүниежүз. соғыс жылдарында КСРО Мемл. қорғаныс к-ті ұйымдастырылды. Соғыстан кейін Қ. Ә. әлемдегі ең жетілдірілген әскери қарулармен жабдықталып отырды. 1946 ж. ақпаннан бастап Кеңес әскері деп атала бастады. 1991 ж. желтоқсанда КСРО тарағаннан кейін Қ. Ә. ТМД елдерінің қарулы күштеріне бөлініп кетті.
Қазақстанда құрылған Қызыл армия бөлімшелері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстанда құрылған алғашқы қызыл армия бөлімдері – 1918 – 20 жылдары Кеңестік Ресейде орын алған Азамат соғысы жылдарында ұйымдастырылған ұлттық әскери құрамалар. 1919 жылдың бас кезінен жасақтала бастады. Ордада құрылған қазақ атты әскер полкінің құрамында 6 эскадрон, пулеметшілер командасы, кіші командирлер даярлайтын мектеп болды. Полк негізінен Қызыл Армия қатарына өз еркімен келген қазақ жігіттерінен жасақталды. Полкті ұйымдастырушы және оның тұңғыш командирі Мұхамедияр Тұнғашин, комиссары Бисен Жәнікешов болды. Жас командирлер арасынан Хамит Чурин, Шәкір Жексембаев, Жұмағали Сәрсенов, Ғұсман Әзірбаев, т.б. ерекше көзге түсті.
1919 – 20 жылдары Қазақстанның басқа жерлерінде де (Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу) ұлттық бөлімдер құрылды. Атап айтқанда, 1919 жылы қыркүйекте Дала өлкесінің әскери комиссары Ә.Жангелдиннің басшылығымен Қостанай, Торғай уездері қазақтарынан қазақ атты әскер полкі жасақталды. Сондай-ақ, осы мезгілде Шығыс майданы Көкшетау әскерлер тобы құрамында Ақмола, Семей облыстары қазақтарынан да әскери бөлім құрылды. Екі полк те Солтүстік-шығыс Қазақстанды ақтардан азат етуге белсене араласты. Жетісу, Сырдария, Орал облыстарында да ұлттық әскери бөлімшелер (эскадрон, отряд, т.б.) құрылып, кеңес үкіметін құруға белсене араласты, дегенмен, азамат соғысы аяқталысымен бұл әскери бөлімдер таратылды.
Астананың Қызылордаға көшіп келуіне байланысты, 1926 жылы қалада дербес қазақ атты әскер дивизионы құрылды. Осы дивизион негізінде 1930 жылы Алматыда 48-қазақ атты әскер полкі жасақталды. Осы полк қазақ жастарын әскери өнерге үйрету, қазақ офицерлерін дайындау ісінде үлкен рөл атқарды. Полк командирі – Т.Әлиев, комиссары – Н.Мусин, эскадрон командирлері – А.Акаев, С.Жұмабаев, О.Сүлейменов, С.Смағұлов, К.Мұсабаев, саяси қызметкерлер – Ә.Баймолдин, Ә.Бекбаев, Ә.Жетпісбаев, А.Мақатов, штаб офицерлері – К.Әбенов, О.Саурықов, т.б. болды. Осы полкте қызмет атқарған қазақ жастары арасынан кейіннен көптеген әскери қызметкерлер (генерал-лейтенант Ш.Қабылбаев, полк. Ж.Тілеумағамбетов), ғалымдар мен қоғам қайраткерлері (академик С.Бәйішов, профессор Қ.Макиров, т.б.) шықты. 1938 жылы КСРО Қорғаныс комиссариатының бұйрығы бойынша полк таратылып, басқа әскери құрамаларға қосылды [2].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том
- ↑ А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х