Хорезм
Хорезм — Әмударияның төменгі ағысында орналасқан тарихи өлке. Хорезм жөніндегі алғашқы деректер Дарий Қ-нің Бехистун сына жазуы мен Авестада кездеседі. Көптеген зерттеушілер Хорезмді бірінші зороастризмдік ел-авесталық Арьянам-войчахпен де байланыстырады. Хорезм тарихын зерттеуге 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде көрнекті шығыстанушы ғалымдар — В.В. Бартольд, Н.И. Веселовский, А.Ю. Якубовский елеулі үлес қосты. Хорезм тарихын зерттеудің жаңа кезеңі 20 ғасырдың 30-жылдарында С.П. Толстов бастаған КСРО ғылым академиясының Хорезм археолагиялық-этнографиялық экспедициясының жұмысымен басталды. Хорезмнің ең ежелгі археологиялық ескерткіштері неолит дәуіріне жатады. Әмударияның ежелгі Ақшадария атырауы аумағынан аңшылар мен балықшылардың қоныстары табылған (б.з.б. 4 — 3 мыңжылдықтар). Энеолит дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдықтың басы) бұл жерлерді мекендеген халықтар қарапайым суармалы егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналыса бастаған. Жергілікті халық мәдениетінің Орал тауының оңтүстік-нен келген андрон мәдениетімен араласуы нәтижесінде археологиялық тазабағияб мәдениеті қалыптасты. Ол далалық қола мәдениетіне жататын еді. Қоныстардың орнынан жартылай жеркепелердің қалдықтары, дамыған суғару жүйесінің, егін далаларының іздері, дән үккіштер, қола орақтар, пышақтар табылды. Кейіннен бұл өлкеде амирабад мәдениеті (б.з.б. 9 — 8 ғасырлар) дамыды. Суармалы егіншілік жетілдіріліп, малды жайып бағу дами түсті. Отырықшы қоныстар үлкен ауылдарға (20 үйге дейін) айнала бастады. Осы кезде Хорезммен солтүстік-батысқа қарай, Сырдарияның төм. ағысының тұрғындары мал шаруашылығымен басым айналысты. Нәтижесінде соңғы қола ғасырда Арал теңізінің айналасындағы далаларда сақ — массагет тайпаларының жүздеген жылдар бойы тарихи жағынан Хорезммен байланысты болған мәдениеті қалыптасты Страбон сақ — массагет халықтарына жатқызған хорезмдіктер б.з.б. 7 — 6 ғасырларда бүкіл Орталық Азия мен Шығыс Иранның бір бөлігін мекендеген тайпалар одағын басқарды. Алайда бұл бірлестіктің неғұрлым дамыған орталықтары Мургаб пен Герируд өзендерінің алабында да орналасты. Хорезм шұратында ірі магистральдық каналдар салуға негізделген суармалы егіншілік техникасын одан әрі жетілдіру бұдан кейінгі ежелгі Хорезм мемлекеттілігінің қалыптасуында шешуші факторлардың бірі болды. Б.з.б. 6 ғасырдың ортасында Кир ҚҚ патшаның кезінде Хорезм Ахемен әулеті мемлекетінің құрамына енді. Б.з.б. 6 — 5 ғасырлар аралығында хорезмдіктер еліндегі “Хорасмия қаласы” жөніндегі алғашқы деректі ежелгі грек авторы — милеттік Гекатей келтіреді. Бұл уақытқа Кюзели-Гыр қалашығы мен бірқатар басқа да қоныстар жатады. Геродоттың деректері бойынша Хорезм Парфия, Соғда және Арейямен бірге Ахемен мемлекетіндегі 16-сатраптықтың (облыс, аймақтың) құрамына енген. Антик. шығармаларға талдау жасау Хорезм Артаксеркс ҚҚ-нің (б.з.б. 404 — 358 ж.) кезінде жеке сатраптық болды деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Оның орталық. үлкен бекіністі қамал болған. Александр Македонскийдің шығысқа жасаған жорығы кезінде Хорезм тәуелсіз ел болған. Б.з.б. 328 ж. көктемде келіссөздер жүргізу үшін Александрдың қосына Х. патшасы Фарасман немесе Фратаферн келген. Б.з.б. 4 — 3 ғасырларда Хорезм экономикалық және мәдени жағынан тез көтерілді: суару жүйелері кеңейтіліп жетілдірілді, жаңа қалалар (Базар қала, Жамбас қала) мен діни орталықтар (Қой Қырылған қала) салынды, қолөнер мен өнер дамыды. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңында Хорезм мәдениетіне далалық тайпалардың жасаған ықпалы айқын аңғарылады. Б.з.б. 3 ғасырда мұнда жергілікті әулеттің билік еткенін Топырақ қала қалашығындағы қасиетті сарайда жүргізілген қазба жұмыстары дәлелдеді. Сарайдан табылған ағашқа және теріге жазылған құжаттарда Хорезмде б.з. 1 ғасырдың ортасында құл иеленушілік болғандығы жөнінде деректер келтірілген. Б.з. алғашқы ғасырларында Хорезм Кушан патшалығына тәуелді болды. Хорезмдегі үстемдік еткен дін — зороастризмнің жергілікті нұсқасы болды. Бірқатар қоныстардан “от храмдарының” орындары табылған. Ахемен әулеті кезінде алдыңғы азиялық көркемдік дәстүрлердің ықпалына ұшыраған ежелгі Хорезм өнерінде сақтар өнерінің кейбір белгілері сақталып келді. Жергілікті және сырттан енген көркемдік элементтер негізінде б.з.б. 4 — 3 ғасырларда Хорезмде өзіндік көркем мәдениет қалыптасты. Әбу Райхан әл-Бируни б.з.б. 305 ж. Хорезмде Африг патшаның билік еткенін, оның жаңа әулеттің негізін салғаны, Қият қаласында бекіністі қорған салдырғаны жөнінде жазады. Ол 21 Хорезм патшасының есімдерін келтірген. 712 ж. Хорезмді арабтар жаулап алды. Араб қолбасшысы Кутейба өкіметке өз адамдарын қойды. Алайда Қиятта 10 ғасырға дейін Африг әулетінің өкілдері билікті өз қолдарында ұстап тұрды. Мамун ибн Мұхаммед кезінде Солтүстік Хорезмнің астанасы — Үргеніштің маңызы арта түсті. Мамун ибн Мұхаммед 995 ж. бүкіл Хорезмді бір орталыққа біріктірді. Ол және оның мұрагері Мамун ҚҚ ибн Мамунның кезінде Үргеніште Бируни мен Әбу Әли ибн Сина (Авиценна) сияқты атақты ғалымдар жұмыс істеді. Хорезмнің қайта гүлдену кезеңі басталды. 1017 ж. Хорезмді Махмұд Ғазнауи сұлтан, 1043 ж. салжұқтар жаулап алды. 11 ғасырдың соңында Үргеніштегі билік басына жаңа әулет келді (қара Хорезмшахтар мемлекеті). 1220 ж. Шыңғыс хан әскерінің жойқын шабуылынан хорезмшахтар мемлекеті ыдырап, Жошы ұлысы Алтын Орданың құрамына енді. 14 ғасырдың 2-жартысында Хорезм гүлденудің жаңа кезеңін басынан өткеріп, оның астанасы Үргеніш жаңа құрылыстарымен үлкейе түсті. Бұл кезеңде хорезмдіктер тілінің түркілену процесі аяқталды. 1388 ж. Әмір Темір Үргенішті талқандап, өзіне бүкіл Хорезмді бағындырды. Жүз жылдай уақыт бойы Хорезмді иемдену үшін Әмір Темір ұрпақтары мен Алтын Орда хандарының арасында күрес жүрді. 1505 ж. Хорезм Мұхаммед Шейбани ханның билігіне түсті. 1512 ж. билікті Жошы ханнан тарайтын өзбек ақсүйектерінің әулеті өз қолына алды (қара Хиуа хандығы, Хорезм Халық Кеңес Республикасы). 1924 — 25 ж. Орталық Азия республикаларын межелеу кезінде Хорезмнің көпшілік бөлігі Өзбекстанға, қалған бөлігі Түрікменстанға берілді.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
- ↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |